Бастапқы бет сайт картасы
Қазақша
Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Сағырбайұлы, Құрманғазы

Сағырбайұлы, Құрманғазы

Құрманғазы Сағыр­байұлы ту­ып-өскен жері Бөкей хан­дығы, қазіргі Орал об­лы­сының Жаңақала ауда­нына қарас­ты Жи­делі де­ген жер. То­пырақ бұйырған оры­ны – Аст­ра­хань (Ре­сей) об­лы­сының бұрынғы «Шай­та­ни ба­тага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп ата­латын жер.

Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлы­нан өрбіген Сұлтан­сиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазы­ның жетінші ата­сы Ерші де­ген кісі от тілді, орақ ауыз­ды, сөз да­рыған адам бо­лып­ты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қал­мақ шапқын­шы­лығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай ба­тыр­дың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Ма­хам­бет ақын, Иса­тай ба­тыр бір ғана Беріш ру­ының емес, исі қазақтың ар­дақты ұлда­ры.

Құрманғазы са­хара­ның даңғыл көкірек дәулес­кер күйшісі Соқыр Ес­жанның ал­дын көріп, Дәулет­ке­рей сияқты жай­саң күйшімен сыр­лас бо­лып, Шер­кеш, Байжұма, Ба­ламай­саң сияқты күйшілердің өнерінен өне­ге алған.

Құрманғазы­ның ғұмыр кеш­кен уақыты, әсіре­се оң со­лын та­нып, өмір-тіршілікке бел­се­не ара­ласа бас­таған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл ке­зең пат­ша­лық Ре­сей жүргізген отар­шыл са­ясат­тың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шек­тен шыға ба­сынған кезі бо­латын. Қашан­да ел ба­сына кел­ген нәубеттің ауыр­лық тауқыметі ең ал­ды­мен еңсесі биік ер­лердің иығына түсетін әдеті. За­мана зо­балаңы Құрманғазы­ны да от-жа­лыны­мен шар­пып бағады. Оның «Түрме­ден қашқан», «Кісен ашқан», «Ер­тең ке­тем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Те­резе­ден-есіктен», «Боз­шо­лақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кри­чи, не шу­ми», «Ар­ба соққан», «Аман бол, ше­шем, аман бол», «Қай­ран ше­шем» сияқты күй­лері за­мана басқа салған зо­балаңның бір-бір бе­кеті сияқты. Ол қатал тағдыр­дың кез кел­ген талқысы­на өнерімен жа­уап беріп, өнерімен белгі қал­ды­рып отырған.

Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол ба­лаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөле­не ала­ды. Оның «Қызыл қайың», «Ақже­лең», «Адай», «Са­ры­арқа», «Бал­бы­ра­уын», «Сер­пер», «На­зым», «Балқай­мақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күй­лері өмірге іңкәр жан­ның жүрек лүпілі сияқты.

Құрманғазы­ны су­рет­кер ретінде ай­рықша да­ралап көрсе­тетін қаси­ет – ол кон­цепту­ал­ды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірне­ше ұрпақтың тағды­рына ықпал ететін за­мана­лық құбы­лыс­тарға бой­лай үңіліп, ой толғау Құрманғазы­ның ру­хани бол­мы­сына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкен­тай», «Ақбай» сияқты күй­лері өзі ғұмыр кеш­кен за­ман­ның та­рихи-әле­уметтік бол­мы­сына берілген күйші фи­лософ­тың бағасы.

Құрманғазы­ның асқақ ру­хы бір ғана му­зыка са­ласы­на си­ятын құбы­лыс емес. Мұндай те­ге­урінді да­рын­ның бол­мы­сы біртұтас ұлттың ру­хани бол­мы­сына айғақ бо­ла ала­ды. Ұлт тағды­рын­дағы та­рихи ұлы өзгерістердің бар­ша қуаныш-қайғысы қашан­да бірту­ар пер­зент­терінің тағдыр-та­лайымен шен­десіп жа­тады. Бұл, орай­да, Құрманғазы өзінің қай­та­лан­бас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қаси­етіне, сол бір ал­мағайып ала­сапы­ран ке­зеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бо­ла білді. Ол өзінің қанат­ты күй­лерімен по­эзиядағы Ма­хам­бет сияқты ғылым­дағы Шоқан сияқты, май­дан да­ласын­дағы Ке­неса­ры сияқты, өршіл ру­хына қылау түсірмей, за­мана тауқыметін қайыс­пай арқалап ғұмыр кешті.